Алтынсарин аудандық мемлекеттік архиві қорына Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мұғалімі, ақын, қоғам қайраткері М.Ә.Шалабаевтың жеке тектік құжаттары қабылданды.
Шалабаев Масғұт Әлімжанұлы (Василий Амельянович) Түмен облысы Ялуторовский ауданының Криволукское селосында қарапайым шаруа отбасында 1933 жылы 3 қарашада дүниеге келді. Әкесі Әлімжан мен анасы Жәмилә Қостанай облысының Урицкий (Сарыкөл) ауданында туып өскен. Шалабаевтар әулеті Орта жүздің Қыпшақ руынан тарайды, оның ішінде Күрлеуіт тармағына жатады. Ата-бабалары ауқатты тұқым болғандықтан, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін бұл отбасы қуғын-сүргінге ұшырап, 1930 жылдары Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болады. Әкесі Әлімжан Түмен облысының Сладковский ауданында құрылған «20 годовщина Октября» ұжымшарының ұйымдастырушысы және белсенді мүшесі болады. Осы ұжымшарда Масғұт мектеп табалдырығын аттап, бастауыш мектепті бітіреді. Әлімжан Ұлы Отан соғысы кезінде ұжымшарда бақташы болып жұмыс істеп, жайлауда көшіп-қонып жүргендіктен бала Масғұт оқудан қол үзеді. 1945 жылы оқуын орыс мектебінде жалғастырып, 4-5 сыныпты бітіреді. Өзінің мектептегі өмірі жайлы «Анна Михайловна» атты әңгімесінде тамаша суреттеп берген. Омбы облысында орта мектепті жақсы бағамен бітіріп, 1955 жылы Петропавлдағы К.Д.Ушинский атындағы педагогикалық институттың «Орыс тілі мен әдебиеті, тарих» факультетіне оқуға түседі. Студент кезінде оқуға деген ерекше қабілетімен қатар қоғамдық өмірге де ат салысып, спортпен де айналысты. Баскетболдан Республикалық спартакиадаға қатысып, 1 санатты спортшы дәрежесіне жетті. Волейбол, футболдан институт құрамасында ойнады. Масғұттың өмірінде шахмат бірінші кезекте тұрды, оның өмірінің мәні десе де болады. Жасынан шахматпен әуестенген ол, студент кезінде әрі қарай дамытып, алқалы додаларда жеңіс тұғырынан көріне білді. 1982 жылы Ресейдің Алитус қаласында өткізілген шахмат сайысына қатысты. Осы жарыста атақты гроссмейстрлермен ойнап, Б.Спаскинмен күш сынасты.
ЖОО-ын сәтті аяқтаған Масғұт Омбы облысының Любинск ауданындағы Түмен мектебіне мұғалім болып орналасады. 1960 жылы әкесі Әлімжанның тілегі бойынша Қостанай облысының Урицк (Сарыкөл) ауданына қоныс аударады. Аудандағы Весело-Подольск ОМ-не орыс тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінің мұғалімі болып қызмет етеді. Белсенділігімен көзге түскен жас маманды аудан басшылары 1962 жылы Урицк (Сарыкөл) аудандық партия комитетіне шақырып, үгіт-насихат бөліміне меңгеруші қылып тағайындайды. 1963 жылы Тагиль ОМ-інде директор болып ауыстырылады. 1971 жылы Көкшетау облысының Ломоносов мектеп-интернатына оқу ісінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. 1972 жылы Урицк (Сарыкөл) ауданының Ленинград 8 жылдық мектебіне директор болады. 1973-1974 жылдары мектеп «Үлгілі мектеп» атағын жеңіп алады. 1974 жылы Докучаев орта мектеп-интернатына басшы болып ауыстырылады. 1981-1996 жылдары денсаулығына байланысты мұғалім болып қызмет атқарады. Ол өзінің терең де ұлан-ғайыр білімімен, кемеңгерлігімен және адамгершілігімен оқушылардың сүйіктісі болды. Докучаев ОМ жұмыс атқарған жылдары сүйікті мамандығының шеңберінде тұйықталмай, ауданның әлеуметтік-экономикалық және Тәуелсіз еліміздің саяси жаңғыртушысы, насихатшысы болды. Ұлттық салт-дәстүрлер мен ана тілімізді дамыту аясында игілікті жұмыстар атқарды. Өзінің құрастырған әдістемесімен қазақ тілін оқытуды қолға алды. Мемлекеттік тілді өте жақсы меңгерген өзге ұлт өкілдері: оқушылары Облыстық олимпиададарда жүлделі орындардан көрінді. Алтынсарин аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, облыстық қоғамның мүшесі болып сайланды. Ол Қостанай облысының ежелгі елді мекендерінің тарихи атауларын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты. Обаған ауданының Алтынсарин ауданы болып өзгертілуіне көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар, Бозбек, Танабай, Таза бұлақ атауларын қайтарып, елдің ризашылығына бөленді. Шалабаевтың бастамасымен Лермонтов селосы Ілияс Омаров ауылы, ал Қарғалы ауылы Шоқай ауылы болып өзгертілді.
1993 жылы Санк-Петербург қаласында өткізілген Халықаралық симпозиумға қатысты. Адам құқығы және негізгі бостандығы, оның өркендеуін жүзеге асырда түсіністік рухында тәрбиелеу туралы 1974 жылғы ЮНЕСКО-ның Нұсқаулығының орындалу барысын ұйымдастыруға арналған үйлестіру орталығының бюросы оны «Педагогтар бейбітшілік пен түсіністік үшін» жұмыс тобының құрамына үміткерлікке ұсынды (Мәскеу, 7-10 қазан 1993 ж.). Осы материал «Итоги, переспективы образования интересах международного взаимопонимания» тақырыбындағы Халықаралық конференцияға дайындалған болатын. Мінекей, озат ұстаз осындай халықаралық мәселелерді шешуге де ат салысты.
Қостанай қаласында Ы.Алтынсарин атындағы музей ашылғанда, Ыбырай және оның жақындары туралы материал жинауда да көп еңбек сіңірді. Сарыкөл ауданының орталығында мешіт салу жұмысына да белсене кірісіп, аудан жұртшылығының ризашылығына бөленді. 1991 жылы № 161 Урицк сайлау округі бойынша Қазақ ССР-нің жоғары кеңес депутаты болып сайланды. 1992 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болды. Бұл жұмыста да өзіне сенім артқан халқының аманатын дұрыс шешіп, абыроймен атқарды.
Масғұт Әлімжанұлының суреттері ұлағатты ұстаз ретінде Сарыкөл, Алтынсарин аудандарының және Қостанай облысының «Құрмет тақтасынан» орын алды. Оның насихатшылық шеберлігі «Знание» қоғамының үгіт-насихат бөліміне енгізілді. Журналистер одағының мүшесі Сырбай Бүркітбаевтің редакциясымен «Однажды и на всю жизнь» атты үлкен плакат жарияланды.
Жасынан сөз құдыретіне табынған Масғұт ақындықтан да құр алақан емес еді. Ақындыққа деген құлшынысы студенттік жылдары пайда болды. 1952 жылы жерлес қоғам қайраткері І.Омаровтың қолдауымен алғашқы өлеңі «Ленинское знамя» газетінде жарық көрді. Мұғалім мамандығын атқарумен қатар ол көптеген өлең, мақалалар жазып қалдырды. Тіл туралы ғылыми мақалалар, облыстағы географиялық нысандардың топонимдері, психологиялық-педагогикалық және педагогикалық-әдістемелік еңбектер жазды. Оның мақалалары республикалық, облыстық газеттерде жиі жарияланып тұратын. Қоғамтану пәнінің бағдарламасы бойынша «Школьная форма: «за» и «против» мақаласы «Учительская газета» газетінде жарияланды. Қазақ тілінің тағдыры туралы өлеңдері, сонымен қатар мысалдары мен аудармалары мерзімді баспасөзде жиі жарияланып тұратын.
Ақын, педагог, қоғам қайраткері Масғұт Әлімжанұлы өзі өмірден өтсе де, оның артына қалдырған мол мұрасы ешқашан өшпейді. Оның адамзатқа үлгі боларлық өмір жолындағы халқы мен еліне сіңірген еңбегі болашақ ұрпаққа үлгі болып, тарихи мұра болып қалатынына сеніміміз мол.