Выберите язык

Қамшы - қазақ халқының ұлттық бұйымы, ұлттық құндылығымыз. Қамшы өрілетін таспа санына қарай, үш өрімнен бастап, қырық өрімге дейін барады.

Алтынсарин ауданының Ы.Алтынсарин атындағы Обаған жалпыбілім беретін мектебінің оқушылары қамшы өруді үйреніп, дәстүріміздің құндылығымен танысты.

Өз қолдарымен төрт өрімді қамшы өруді үйрену арқылы оқушылар ұлттық өнерге, бұрыннан келе жатқан қазақ халқының мәдениетіне жақын бола түсті. Сонымен қатар, жас буынға дәстүр мен ғұрыптарымыздың маңыздылығы туралы да айтылды.

Халқымызда қамшыға қатысты кездесетін сөз тіркестері де көп екенін білеміз. Бұл да қамшының қазақ халқының тұрмысында маңыздылығын дәлелдей түседі. Мысалы: қамшы салым жер - өте жақын қашықтықты білдіретін халықтық өлшем; қамшы болды - себеп болды, түрткі болды; қамшының ұшын жалғады - ат ізін суытпады, хабарласып тұрды; қамшы салдырды - болдырды, шаршады; қамшысын алып келуге (беруге) жарамады - шірік, былжыр, қолынан дәнеңе келмейтін кісі мағынасында.

Қорыта келе қамшы әр қазақтың шаңырағына сән беретін ұлттық бұйым. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрінде қамшының алатын орны ерекше. Ол бірегей өнер туындысы ғана емес, сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, шаңырақтың киесі саналған. Сол себепті, әрбір қазақ қамшының қасиетін біліп жүруі керек.

Сәрінжіп А.Ә.
«Алтынсарин ауданы әкімдігінің
ішкі саясат, мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімі» ММ бас маманы