Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан ұлы арман еді. Олар тәуелсіздікті өмір бойы аңсаған, сол үшін күресіп, жанын берген.
Елі үшін, жері үшін жанын аямаған талай ірі тұлғаларымыз да оның жолында құрбан болды. Ал 1986 жылғы 16 желтоқсанда талай жас қыршынның төгілген қаны мен қиылған жаны да бұған дәлел. Осы тәуелсіздікке қол жеткізген біз – бақытты ұрпақпыз. Тарихы бай, тамыры терең тәуелсіздік тұғырында, ашық аспан астында, бауырлас көп ұлт мекендеген Қазақстан атты бір шаңырақ астында «татулықты, бірлікті, ынтымақты» ұран еткен халқымыз тату-тәтті өмір сүріп, бейбіт күндер кешуде. Тәуелсіздік бақытын бағалау, оны қадірлеу, туын биік ұстау біздің, келер ұрпақтың борышы. Міне, осылайша асқақ армандарға толы, шаңырағы биік, керегесі кең, тұғыры биік – Мәңгілік елге айналдық!
Тәуелсіздікті алған жылдар ішіндегі ел тарихы мен шежіресінде қаншама жақсы өзгерістер болды, қаншама жұмыстар атқарылып, көптеген жетістіктерге қол жеткіздік, талай қиындықты артқа тастадық. Ол - елордамыз, төл теңгеміз, мемлекеттік тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміз, дамыған экономикамыз, еліміздегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың нығаюы. Еліміздің әр қаласында жаңа тұрғын үйлер бой түзіп, көптеген өнеркәсіп орындар ашылды, халықтың өмір сүру деңгейі артты, Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 ел қатарына енді. ТМД елдері көшбасшыларының біріне айналды. Қазақстанның даму стратегиясы, әр саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, жүзеге асырылды.
Ал биылғы жылы еліміздің спортшылары Токиодағы олимпиадаға қатысып, бақ сынасты. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент миллион халқы бар қалалар мәртебесін алды. Сондай-ақ, тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шаралар өткізілді.
Осыған байланысты, Департамент жергілікті мемлекеттік органдардың тіл мамандарын тарта отырып, «Тәуелсіздік - тұғырым» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Сонымен қатар, Қазақстан халықтарының тілдері күні қарсаңында Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері арасында сайыс өткізіліп, Нұрбол Мұратұлының «Конституция – тәуелсіздігіміздің айғағы» атты шығармасы үздік деп танылды.
Еліміз тұрақты, әрі қарқынды даму үстінде. Алда алар асулар көп. Біз бір білектің күшіндей жұмылсақ, талай беселстерді бағындырарымыз сөзсіз. Сондықтан ел дамуына өз үлесін қосу әр қайсымыздың азаматтық парызымыз деуге болады. Елдің гүлденуі біздің жасаған қарекетіміздің жемісі болмақ.
О. Нұрғалиева, Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аударма бойынша редакторы