Home / Новости области / Референдум–2026: Қостанай облысында есептен шығару куәлігі қалай беріледі?

Референдум–2026: Қостанай облысында есептен шығару куәлігі қалай беріледі?

Қостанай облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифингте алдағы референдумға дайындық барысы және Қостанай облысы тұрғындарының конституциялық құқығын жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы жан-жақты баяндады.

Оның айтуынша, өңірде 15 наурыз күні 717 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Барлық учаскелер таңғы сағат 7:00-де ашылып, кешкі сағат 20:00-де жабылады. Сайлау комиссиялары дауыс беру науқанын ашық әрі заң талаптарына сәйкес өткізуге толық дайын.

Александр Малашко облыс тұрғындары өздерінің дауыс беретін учаскесі туралы ақпаратты алдын ала бірнеше тәсіл арқылы біле алатынын атап өтті. Атап айтқанда, мәліметтер ресми интернет-ресурс арқылы және 1315 бірыңғай байланыс орталығы арқылы ұсынылады. Бұл қызметтер учаскенің мекенжайын және өзге де қажетті ақпаратты жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Брифинг барысында төраға есептен шығару куәлігін алу тәртібіне ерекше тоқталды. Егер азамат 15 наурыз күні тіркелген учаскесіне келе алмаса, жеке басын куәландыратын құжатымен алдын ала барып, есептен шығару куәлігін ала алады. Бұл құжат арқылы азамат тіркелген елді мекенінен тыс жерде орналасқан басқа учаскеде дауыс бере алады. Сонымен қатар, жоғалған есептен шығару куәліктері қайта берілмейді.

Сондай-ақ үйде дауыс беру тәртібі түсіндірілді. Денсаулығына немесе өзге де дәлелді себептерге байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар 15 наурыз күні сағат 12:00-ге дейін учаскелік комиссияға жазбаша өтініш беруі қажет. Бұл жағдайда комиссия мүшелері азаматтың тұрғылықты жеріне барып, дауыс беруіне жағдай жасайды.

Брифинг соңында Александр Малашко өңір тұрғындарын азаматтық белсенділік танытып, референдумға қатысуға шақырды. Оның айтуынша, комиссиялар азаматтардың еркін әрі заңды түрде өз таңдауын жасауына барлық қажетті жағдайды қамтамасыз етеді.